Жетісайлық табысты шаруалардың хоббиі белгілі болды

0
1 589

Бір қызығы, жылыжайдың негізгі темір қаңқасын осы үйдің кенже баласы өз қолымен жинапты.


Жетісайлық табысты шаруалардың хоббиі белгілі болды

Биыл Жетісай ауданы Жаңаауыл ауыл округінің шаруалары 28500 тонна бақша дақылдары мен 6120 тонна көкөніс, 1450 тонна жоңышқа өндірді. Сондай-ақ, соңғы 8 айда округтегі жылыжай көлемі 1 гектарға жетіп отыр. Жылыжайдан жыл он екі ай өнім алып отырғандардың бірі – «Дилшот» шаруа қожалығы, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

5 жылдан бері 15 соттық жылыжайға қияр мен қызанақ егуді кәсіпке айналдырған қожалық ерте көктемде жетісайлық диқандар үшін қосымша 100 мың түпке дейін баклажан, балғар, қауын-қарбыз көшеттерін әзірлейді екен.

«Жылыжай баптау біздің әулеттің хоббиі. Екі балам мен бірге қолымыз жұмыстан қалт еткенде жылыжайдан табыламыз. Биыл 15 соттық жылыжайға үш реттен дақыл егіп, пайдасын көріп отырмыз. Мәселен, осыдан екі ай бұрын 3 соттық жылыжайға қияр ектік. Қазір тәулігіне 150 келіден өнімін бере бастады. 1 келісін 200 теңгеден сатып жатырмыз. Жалпы айтқанда жылыжай – жыл он екі ай табыс көзі», - дейді қожалық төрағасы Тұрдымұрат Мұратов.

Бір қызығы, жылыжайдың негізгі темір қаңқасын осы үйдің кенже баласы өз қолымен жинапты. Тіпті, тамшылатып суару әдісіне қажетті құрылғыларды да базардан сатып алып, үйдің екі ұлы өздері орнатып шыққан. «Балаларымның бұл әрекеті өз кезегінде шығынды бірнеше есе азайтуға септігін тигізді»,- дейді қожалық төрағасы.

Бұл қожалық тек жылыжаймен шектеліп қалмапты. Биыл олар 14 гектар жерге мақта егіп, бүгіннің өзінде 24 тонна ақ алтын жинап үлгерген. Қол терім жұмыстарының нәтижесінде бір гектардан шамамен 30-35 центнерден өнім алуда.