Жол салу мен жөндеу жұмыстарының ауқымы бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр

0
1 773

Жолға зақым келмеуі үшін жүк көлігінің салмағы 8 тоннадан аспауы керек.


Жол салу мен жөндеу жұмыстарының ауқымы бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында ауыр салмақты жүк көліктерінің кесірінен тас жолдардың 300 шақырымы жарамсыз күйге түскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өңірде облыстық маңызы бар 1067 шақырым жолда жүк көліктеріне жүруге рұқсат етілген. Күн тәртібінде қаралған осы және өзге де мәселелер облыс әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметовтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде баяндалды.

Жолға зақым келмеуі үшін жүк көлігінің салмағы 8 тоннадан аспауы керек. Өңір басшылығы жолдағы ауыр жүк көліктерінің қозғалысын қадағалауды тапсырды. Белгіленген тәртіпке бағынбай жолға шыққан аса ауыр жүк көліктерінің иелеріне үлкен айыппұлдар салынатын болады.

Жол құрылысы-жөндеу жұмыстарының ауқымы бойынша Түркістан облысы республика бойынша көш бастап тұр. 2019 жылы 1 738 шақырым жол мен көше құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылып, оның 1 270,4 шақырымы пайдалануға берілген. Биыл 869,8 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жалпы, өңірде автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы – 20 928,9 шақырым. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі өткен жылы 74,1 пайызға жеткен. Аталған көрсеткішті биыл 80%-ға жеткізу көзделуде.

Жиын барысында Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй кешендерін салу барысы баяндалды. Мұнда жалпы ауданы 575,8 мың шаршы метр немесе 7459 пәтерді құрайтын 156 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 32 үйдің құрылысы аяқталып, 1701 пәтер пайдалануға берілді. 2020 жылы мемлекеттік бюджет есебінен 5,4 млрд. теңгеге 35 тұрғын үйдің (103,7 мың ш.м., 1478 пәтер) құрылысы жүргізіледі. Жыл қорытындысымен жоспар бойынша 18 тұрғын үй (68,4 мың ш.м.) пайдалануға тапсырылып, кезекте тұрған 978 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Қалған 17 тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылға өтпелі болады.