Егер сіз алғаш рет бөлме гүлін өсіремін деп шешсеңіз, аса ерекше күтімді қажет ете бермейтін, ылғал мен жарыққа да «аса мұқтаж емес», төзімді бөлме гүлі кактус өсіруден бастап тәжірибе арттырсаңыз болады.
Бөлме өсімдіктерінің пайдалы тұстары барлығымызға белгілі. Бөлменің ауасын тазарту үшін, бөлмеге сән беру үшін өсірілетін гүлдердің түрлері көп. Көрген көзге қуаныш сыйлайтын әсем гүлдердің күтімі де әр түрлі болатындығын қыз-келіншектер жақсы білуі керек.
Көптеген адамдар бөлме гүлдерін тек әсемдік, әдемілік ретінде қабылдайды. Алайда, ол адамның физиологиялық, психологиялық жағдайына жағымды әсер етеді.
Егер сіз алғаш рет бөлме гүлін өсіремін деп шешсеңіз, аса ерекше күтімді қажет ете бермейтін, ылғал мен жарыққа да «аса мұқтаж емес», төзімді бөлме гүлі кактус өсіруден бастап тәжірибе арттырсаңыз болады.
Әр гүлдің өзіне тән күтімі болады. Кейбір гүлдер күн сайын суды қажет етіп, жарықсүйгіш болса, біреулері жапырақтары арқылы қорек алады, кейбірі тек тамыры арқылы, яғни түбектің асындағы тәрелкесіне су құю арқылы қоректенеді.
Бөлме гүлдерінің пайдалы тұстарына қоса, оның зиянды жақтарын да білгеніңіз жөн. Мысалы жатын бөлмеге мейлінше бөлме гүлін қоймағаныңыз жөн. Көпшілігіміз гүл оттегі бөлуші, ауаны тазартушы деп жатын бөлмеге гүл өсіріп қателік жіберіп жатамыз. Жатын бөлмеге кез-келген гүлді қою дұрыс емес. Өйткені, гүлдің түнгі уақытта бөлмедегі оттегін өзіне сіңіріп, көмірқышқыл газын бөлуіне байланысты адам ұйқысынан тұрғанда шаршап тұрады немесе ұйқысы қанбайды. Сергектігін жоғалта бастайды.
«Отбасы гүлі» өзге елдерде мұны «хое өсімдігі» деп атайды. Осы өсімдікті жатын бөлмеге орналастырса ерлі-зайыптылардың арасындағы махаббат пен сыйластықты нығайта түседі, бақытты ғұмыр кешеді деген сенім бар дейді флорингтер. Сонымен қатар, «әйел бақыты» (спатифиллум) үйде тұрса отбасында жағымды өзгерістер орын алады екен, үйленбегендер отбасылы болады, баласы жоқтар сәбилі болады деген наным-сенім де бар осы гүлге қатысты. Ал шегіргүл өскен үйде ұрыс-керіс көп болмайды. Бұл гүлді қонақ бөлмеге қойсаңыз, үйде береке орнайды.
Ал балалар бөлмесінде калатея гүлін өсірген дұрыс. Ол жас туған нәрестеге көз тиюден қорғайды, сонымен қатар, алтын түсті сциндапсус ауаны ластайтын түрлі улы заттардан тазартады. Бұл балалар бөлмесіне өте қажет өсімдік түрі.
Егер үйімізде тек жақсылық орнасын, үнемі кіріс кіріп тұрсын деп қалайтын болсаңыз, әрине, бұл кез келген адамның арманы. Мұндайда үйіңізге «мирт» гүлін отырғызған дұрыс. Кей жерде мұны «мирт ағашы» деп те атап жүр.
«Ер бақыты» гүлі отағасының, ер-азаматтың өзіне деген сенімділігін күшейте түседі. Ал егер, сіздің отағасыңыз ашуға жиі бой алдыратын болса, міндетті түрде осы гүлді үйіңізде өсіруге кеңес береміз. Тек қана ашуға булыққан сәтте осы гүлдің жанында жарты сағат отыруға көндіре алсаңыз, оның ашуының ізі де қалмайтын көрінеді. Сонымен қатар, антуриум гүлі ер азаматты тіл-көзден, сыртқы жағымсыз әсерлерден қорғайды.
Алоэ гүлі үйді бактериялардан қорғайды. Ауру-сырқаудың алдын алып, бөлмеге жағымды энергия қалыптастырады.
Қазтамақ гүлі ашуды тез басатын қасиетке ие. Ол адам ашуланған кезде тыныштық пен татулықты орнатуға септігін тигізеді екен.
Шефлера гүлі отбасында шылым шегетін немесе сіріңке жиі қолданылатын бөлмеге таптырмайтын өсімдік. Ол үйдегі ауаға тараған зиянды заттар мен никотинді тез тазартады. Мұндай гүл кез келген үйде болуы керек.
Әр гүлдің қай жерде орналасқаны жөн екендігін біліп алсақ, күтімін де үйренейік.
Үлкен жапырақты гүлдердің жапырағын аптасына бір рет сабынды сумен сүртіп, соңынан, таза сулы шүберекпен сүртіп шықсаңыз, гүлдің де бөлмеге тарататын ауасы таза болады.
Гүлдің солып, ауыра бастағанын көзіңіз шалса, оған ем жүргізу керек. Ол үшін кәдімгі нан ашытқысының бір ас қасық мөлшерінде 1 литр суға ерітіп, екі сағатқа қалдырамыз. Өйткені, су көтеріліп, ашуы тиіс. Дайын болған судың барлығын тауысып гүлдерге құюға асықпаңыз. Аздаған мөлшерде гүлдің түбіне құйып шықсаңыз, келесі жолға да үстіне тағы су құйып сақтауға болады. Әрине, ұзақ уақыт сақтауға болмайды, ары кетсе екі күннің ішінде бұл қоспаны гүлдерге құйып тауысу керек. Одан соң гүлдің жапырақтарына су бүркіп тұру да оның саулығына әсер етеді. Су бүріккішпен жапырақтарының астыңғы жағынан суды бүркіңіз.
Өсірген гүлдеріңіз үйіңізге шырай, деніңізге саулық, отбасыңызға береке мен тыныштық орнатсын!
Гүлвира ЖҰМАДІЛДАЕВА
Фото: Nikefotos.ru