​Тұмшапешті бүлдірмей тазалаудың неше әдісін білесіз?

0
2 002

Пешті алғашқы таза қалпына оңай әрі тез​ келтірудің​ бірнеше әдіс-тәсілдерін ұсынамыз. Байқап көріңіз.


​Тұмшапешті бүлдірмей тазалаудың неше әдісін білесіз?

Қазіргі кездегі ас үйді тұмшапешсіз елестету мүмкін емес. Себебі күнделікті отбасына немесе қонақтарға арналған түрлі пісірмелерді үй жағдайында, өз қолымызбен, жасағанды жақсы көреміз. Алайда кейде пісірме дайындайтын пешті қосқанда, майдың жағымсыз иісі шығып, іші-сыртында қатқақ майлар пайда болып, мазаны қашыратыны бар.

Пешті алғашқы таза қалпына оңай әрі тез келтірудің бірнеше әдіс-тәсілдерін ұсынамыз. Байқап көріңіз.

Қарапайым ас содасымен тазалау

Ассодасы жаңадан қалған май қалдықтары мен ыстыққа төзімді әйнектегі дақтарды жақсы тазартады.

  • Алдымен 5 ас қасық соданы шұңғыл ыдысқа салып, үстінен жарты стақан су құйып, қоймалжың ерітінді дайындап аламыз.
  • Дайын ерітіндіні пештің қабырғалары мен есігіне сорғыш (губка) арқылы жағып шығамыз. 60 минутқа қалдырамыз.
  • 1 сағаттан соң сабынды суға малынған сорғышпен тазалап сүртеміз. Артынан қағаз майлықпен құрғатып, тазалау қажет.

Ал ескірген, қатқан кірлерді ас содасына сірке суын араластырып тазалаған дұрыс.

Ас содасына сіркесу қосып тазалау

Ас содасы мен сіркесуды араластырғанда көмірқышқыл газы түзіледі. Ол қатып қалған дақтарды жақсы тазартады.

  • Алдымен тұмшапештің ішін сіркесумен сүртіп шығу қажет. Артынша сулы сорғышпен (губка) ас содасын жағып шығамыз.
  • Осыдан кейін 1-2 сағатқа қалдырып, артынан жылы сумен сүртіп тазалаймыз.

Егер кетпей қалған дақтар болса, сіркесуға батырылған сорғышпен ысқылап жіберсек болғаны, жарқырап шыға келеді.

Лимонмен тазарту

Лимон арқылы тазартудың екі жолы бар: жаңа сығылған лимон шырынымен және ұнтақты лимон қышқылы.

  • Жаңа сығылған лимон қышқылы, жаңадан пайда болған кір дақтарды тез кетіреді. Лимон шырыны мен суды бірдей шамада араластыру қажет. Дайын қоспаны сорғыштың көмегімен тұмшапештің ішіне жағып шығамыз. 1 сағатқа қалдырып, соңынан таза, сулы майлықпен сүртіп аламыз.
  • Ұнтақты лимон қышқылы - қатқан май дақтары мен микротолқынды пешті тазалауда таптырмайтын құрал. Ыстыққа төзімді шұңғыл ыдысқа жарты литр суға 1қалташа лимон қышқылын араластырамыз. Пешті 200°С градусқа қыздырып қоспасы бар ыдысты ішіне салып, 30-40 минутқа қоямыз. Уақыты біткен соң суытып, ішін сулы майлықпен сүртіп аламыз. Сонда да қалған дақтар болса,лимон бөлігімен ысқылап сүртіп жібереміз.

Наубайхана ұнтағымен тазарту

Наубайхана ұнтағы немесе қопсытқышты (разрыхитель) тек нан мен пісірмелерге ғана емес, табалар мен пешті тазартуға пайдалануға болады.

  • Ол үшін: 1қалташа қопсытқышқа 2-3 ас қасық су қосып, ботқа тәрізді қою қоспа жасаймыз.
  • Алдымен пештің ішін дымқыл майлықпен сүртіп, артынан қоспаны жағып шығу қажет. Жағылған қоспамен пешті 2-3 сағатқа қалдырамыз. Барлық майлар, кірлер түйіршіктеліп жиналады. Артынан сүртіп аламыз.

Асүйіңізбен ас үйдегі құралдарыңыз үнемі тазалықта, жарқырап тұрсын.

Тұмшапешті күтіп ұстаудың негізгі ережелері біле жүріңіз

  • Жиі тазалаған сайын, тазалау оңай болады. Яғни, әрбір дайындалған астан кейін іші-сыртын тазалап сүртіп тұрған дұрыс. Аптасына бір рет ыдыс жуатын сұйықтық пен суды араластырып, булап алған жөн.
  • Тазалағанда кірі тез кету үшін, пешті 50 градусқа қойып, 15-20 минутқақалдыру қажет.
  • Пешті тазалағанда ыдыс жууға арналған темір қырғышты, тағы да басқалай қатты қырнайтын заттарды пайдаланбаған жөн. Бұл эмальді қабаттың зақымдануына әкеледі. Сондықтан жұмсақ майлықпен тазалаған дұрыс.
  • Тазалау барысында пештің желдеткішіне немесе қыздырғышына тазалау құралының тиіп кетпеуін қадағалаңыз.
  • Тазартып болған соң, есігін 1-2 сағатқа ашық қалдырған жөн. Іші таза құрғайды әрі артық иістер кетеді.
  • Егер тазалықтан соң жағымыз иістер қалған болса, 1 стақан суға 10-15 дана белсендірілген көмір салып, 3-4 сағатқа пештің ішіне қалдырыңыз.

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ