Жаңа жылды көп шығындалмай тиімді қарсы алудың жолдары

0
5 140

Жаңа жылды есте қаларлықтай етіп өткізу үшін, жақындарыңызды түрлі сыйлармен қуантуда қыруар қаржы жұмсаудың қажеті жоқ.


Жаңа жылды көп шығындалмай тиімді қарсы алудың жолдары

Жаңа жыл – қуанышқа толы, таңғажайып мерекелердің бірі. Қай ел, қай ұлт болмасын бәрі де келе жатқан жылға үмітпен қарап, игі өзгерістер күтеді. Міне, аз күндерде тағы бір жылды артта қалдырып, жаңа жылды қарсы аламыз. Тек осынау үміт пен қуанышы мол мерекені қарсы алудың өзіндік машақаты да жеткілікті.

Басты мәселе - қаражат. Бастамасы жекжат, туған-туыс, дос-жаранға, бала-шағаға сыйлық алудан басталып, ары қарай дастархан жаю, киім алу т.б. толып жатқан шығындармен жалғасып жатады. Қалтадағы ақшаны қайда жеткізерімізді білмей қиналып қаламыз осындайда. Ал үнемділікті басты қағида етіп ұстанғандар үшін бұл түк те қиын шаруа емес. Себебі, жаңа жылды есте қаларлықтай етіп өткізу үшін, қыруар қаржы жұмсаудың қажеті жоқ. Тек қиялыңызға ерік беріп, шеберлігіңізді шыңдап алсаңыз болғаны.


Мереке кезінде ақшаны үнемдеу – бұл өте оңай!

  • Ол үшін мерекеге дайындық барысында бірнеше ережені есте ұстасаңыз жеткілікті.
  • Мерекені қарсы алуға нақты жоспар жасап алыңыз.
  • Мерекеге дейінгі және мерекеден кейінгі айға шығын жоспарын жасаңыз.
  • Сатып алынатын заттарыңызды жоспарлап, алдын-ала, ерте бастан алып қойған жөн.
  • Алдымен мұның барлығын қағаз бетіне түсіріп, қажеттілікті әрбір ұсақ-түйегіне дейін есептеп алыңыз.


Жаңажылдық сыйлықтар

Отбасылық бюджетке салмақ түсірмей, берілетін сыйлықты иесіне ұнамды, сай етіп, таңдауға болады. Ол үшін:

  • Жақындарыңызға беретін сыйлықтарды алдын ала қолдан дайындауға болады. Қазіргі кезде дайын заттан гөрі қолдан жасалатын бұйымдардың құны қымбат, яғни қолдан жасалған сыйлық – ең ерекше әрі баға жетпес қасиетке ие. Қолдан тоқылған шәлі, мойынорағыш, шұлық немесе түрлі картинкалар – бұл алтын қолды шеберлер үшін қиын шаруа емес.
  • Жұмысбасты немесе қолынан сурет салу, іс тігу, тоқыма тоқу келмейтін жандар үшін тәттіден немесе түрлі заттардан жасалған байламдар (букет) таптырмас сыйлық. Яғни себетке түрлі тәттілерді, шай немесе кофелерді тағы да басқаларын өз қиялыңыз бен сыйлық иесінің талғамына сай салып, байлам жасауға болады. Ал байлам жасайтын себеттің көлемін өз қалтаңызға шақтап алыңыз.


Жаңа жылдық дастархан мәзірі

Егер мерекені отбасыңызбен немесе туған-туыс, дос-жарандарыңызбен үйде қарсы алатын болсаңыз дастархан шығыны үшін келесі жайтты ескеріңіз:

  • Мереке есте қалу үшін ішіп-желінбесе де артығымен дайындалатын толы дастархан емес, жақсы жоспарланған қызықты көңіл көтеру маңызды;
  • Жұрттың көбі сүйсініп жейтін 2-3 түрлі мол салат, ыстық тамақ, тоқбасарға тәтті пісірме жетіп жатыр;


Үй ішін безендіру

  • Бұл үшін үлкен шыршаны сатып алудың қажеті жоқ, көрінетін жерде кішірек шырша тұрса жеткілікті;
  • Түрлі безендірулерді де ақша шығармай-ақ қолдан жасап ілуге болады;


Арамызда «Жаңа жылды қалай қарсы алсаңыз, жыл солай өтеді» дейтін ырымға сенетіндер де аз емес. Жалпы жылды қарсы алудың жазылып қалған нақты бір тәртібі жоқ. Әркім өзінше, қал-қадірінше қарсы алып жатады. Келер жыл байлықта, тоқшылықта болу үшін, мол етіп дастархан жайып, барын үстіне киіп алу, қымбат сыйлық жасау міндетті емес. Сондықтан көп шығындалып келер жылда ақшасыз қалмауды ойланған жөн.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.

Тағы оқыңыз:

Қыста тоңазытқышты пайдаланбайтын болсаңыз, мынаны ескеріңіз