​Апталық жұлдызнама: 19-25 ақпан, 2018 жыл

0
2 202

Жұлдызнамашылар бұл аптаны зерттеу мен ойлаудың уақыты дейді. Сондықтан, барша қауымға кәсіби деңгейін дамыту, ой-өрісін кеңейту жолында еңбектенуге кеңес береді. Нақтырақ айтар болсақ...


​Апталық жұлдызнама: 19-25 ақпан, 2018 жыл

Фото: diogenic83.ucoz.es

Жұлдызнамашылар бұл аптаны зерттеу мен ойлаудың уақыты дейді. Сондықтан, барша қауымға кәсіби деңгейін дамыту, ой-өрісін кеңейту жолында еңбектенуге кеңес береді. Нақтырақ айтар болсақ...

Тоқты

Өз мүддеңізді өзгелер үшін құрбан етпеңіз, бұл аптада басқаларды кейінге ысырып, өз қажеттіліктеріңізді алдыңғы орынға қойғаныңыз дұрыс. Дүйсенбі сізге қолдау білдіре алатын беделді адаммен таныстық сыйлайды, сол сәтті дұрыс пайдалана біліңіз. Іссапарларды сәрсенбінің сәтіне жоспарлаңыз. Бейсенбі де саяхаттау не жол жүруге қолайлы күн болмақ. Жұмада естен кетпес қызықтарға толы көңілді күн күтуде.

Торпақ

Жеңіл өмір сүрген жақсы, бірақ, бұл апта сізден сабырлылық пен тереңдікті талап етеді. Көптеген іскерлік кездесулер күтіп тұр. Іссапар, шетелдік серіктестермен келіссөз де болуы мүмкін. Қайырымдылық шарасымен айналысатын болсаңыз, сейсенбіде сақтық танытыңыз. Жаныңызда қайырымдылық қоры есебінен өз қалтасын қомпайтқысы келетін біреу пайда болады. Ал, кәсіпкер болсаңыз, бұл апта сіз үшін сәтті болғалы тұр. Ақша аспаннан жаңбырша жаумаса да, айтарлықтай табысқа ие боласыз. Шығармашылыққа жақын Тоқтылар үшін сәрсенбі шынында да сәтті болады. Дәл осы күні өзіңізді еш қысылмай жарнамалай берсеңіз болады, адамдар назар аударады және жақсы қабылдайды.

Егіздер

Бұл апта өзіңізді тұлғалық дамытуыңыз үшін өте қолайлы. Сондықтан, өз бағытыңызды айқындаңыз да, жаңа білім жолында оқыту курстары немесе тренингтерге жазылыңыз. Аптаның алғашқы үш күні тынымсыз жүгіріспен өтсе, бейсенбіден бастап бос уақытыңыз пайда бола бастайды. Бұл уақытты жақындарыңызға, егде жастағы туыстарыңыздың хәлін сұрауға арнаңыз.

Шаян

Ақпанның бұл күндерінде өзгелердің сізге қызығушылығы арта түседі, сізбен серіктестік құрғысы келетіндер қатары қалыңдайды. Танымалдылықты сезінесіз. Алайда, танымалдылық буына босап кетпей, әр қадамыңызды аңдап басыңыз. Асығыс шешім қабылдаудан аулақ болыңыз. Әсіресе, апта басында. Сәрсенбіде өзіңізді жақсы қырыңыздан танытып, талантыңызды танытудың сәті тағы да туады. Мұндай айыңыз оңынан туған сәтті ұтымды пайдаланып, кездесулер, келіссөздер өткізіңіз, келісімшарт жасасыңыз. Бәрі сіздің пайдаңызға шешіледі. Бейсенбіде жеке өміріңізге қатысты жаңалық ашасыз.

Арыстан

Қызмет барысында біршама тосқауылдар туындап, негізгі мақсатыңызға апарар жолдан тайдыруы мүмкін. Сондықтан, дүйсенбіні талдау, жоспарлау сынды ой еңбектеріне арнаңыз. Сонда сейсенбіден басталатын барлық жағдайларға дайын боласыз. Өзгелерді емес, өзіңізді көбірек тыңдаңыз, бұл аптада түйсігіңіз көптеген құнды кеңестер береді.

Бикеш

Бұл күндер сіз үшін тиімді келісім-шарттар мен ұсыныстарға толы болмақ. Бастысы, өзіңізді дұрыс бағытта ұстаңыз, шектен шыққан қарапайымдылықтан арылып, қабілет-қарымыңызды ашық байқатыңыз. Іскерлік келіссөздерді сейсенбіге белгілеңіз. Бейсенбі — жаңа серіктестермен таныстыққа қолайлы. Жұма мен жексенбінің арасы жанға рахат сыйлайтын демалыс күндері болмақ. Алайда, үй шаруасы мен тіршілік қамын да естен шығармаңыз.

Таразы

Бұл аптада сіздің басты уайымыңыз қосымша табыс болғалы тұр. Қалталы болуға деген құлшынысыңызды түсінуге болады, әрине. Дегенмен, қатты ашкөздену де жаман қасиет, қанағат қыла біліңіз. Қаржы мәселелерін жаба тұрып, назарыңызды отбасына аударыңыз. Отбасы бірінші орында тұруға тиіс. Жұмада қалтаңызға көптен күткен қосымша табыс та келіп түседі. Демалыс күндері көңіл көтеріп, жақсылап тынығуға жоспар құрыңыз.

Сарышаян

Бұл апта Сарышаяндарға тосын сый етіп біршама мүмкіндіктер тартқалы тұр. Уыстан шығарып алмай, пайдаға жарата біліңіз. Дүйсенбі — қаржылық мәселелерді шешуге, сейсенбі мен сәрсенбі — жаңа табыс көзін іздеуге оңтайлы күндер. Десе де, жаңа жұмыс үстелін тауып жатсаңыз, бұрынғы қызмет орныңыздан ат-тоныңыз бен еңбек кітапшаңызды ала қашудың қажеті жоқ. Сыйластыққа сызат түсірмеңіз, қандай жағдай боларын кім біледі... Бейсенбі — шығармашылық күні.

Мерген

Бұл аптада жаһандық жойқын мәселелерді шешпесеңіз де, қызмет барысындағы түйткілдерді оңай шеше аласыз. Дүйсенбіде тың идеялар ағыны ашылады, алайда, оларды жария етуге асықпаңыз. Аңдасаңыз, еңбегіңізді иемденіп кеткісі келетін аңдушыларды байқайсыз. Ұзақ жолға шығу керек болса — бейсенбі, шығармашылықпен айналысу үшін жұма не сенбіні таңдаңыз. Жексенбіде сүйіктіңізбен бірге пайдалы іспен шұғылданғаныңыз абзал.

Тауешкі

Тың талпыныспен жаңа қызмет, жаңа идеялар іздеуге қолайлы уақыт. Деңгейіңізді көтеретін шақ келді. Сейсенбіде қаржылық сыйақыға ие боласыз. Сәйкесінше, сәрсенбі — сауда жасауға сәтті күн. Дегенмен, артық кетіп, ұсақ-түйек үшін қомақты қаржыңыздан қағылып қалмаңыз. Сенбі-жексенбідегі демалысты таза ауада, спорттық іс-шараларда өткізуге тырысыңыз.

Суқұйғыш

Апта қызмет барысындағы қиындықтарға толы болуы мүмкін, бірақ, жұмыстың аты — жұмыс, күресуіңізге тура келеді. Дүйсенбі мен сәрсенбіде біршама тың идеялар туындайды. Жұма күні достарыңыз немесе серіктестерден тиімді қаржылық ұсыныстар түсуі мүмкін.

Балықтар

Бұл аптадағы басты жаңалығыңыз — қаржылық жағдайыңыздың аяқ астынан жақсаруы болмақ. Бұл не ұтыс, не қомақты сыйлық болуы мүмкін. «Артық» капиталды орнымен жұмсап, қарыз сұрағысы келетін таныстардан қашқақтаңыз. Толығымен сақтай алсаңыз, бұл қаржы жаңа іс бастауыңызға мүмкіндік береді. Жұмада достарыңызбен уақытты көңілді өткізесіз. Ал, сенбі не жексенбіде алыстан ат арылтқан қонақтарды күтуге тура келеді.