WhatsАpp-тағы ата-аналар чаты: ақша жинағыштар мен бәлеқорлар кімдер?

0
3 382


WhatsАpp-тағы ата-аналар чаты: ақша жинағыштар мен бәлеқорлар кімдер?

Фото: pp.userapi.com

Ватсапағы чат – ұстаз бен ата-аналардың заманауи, ыңғайлы байланысы. Онда бірін-бірі жете танымайтын түрлі мінез бен тағдыр иелері бірігеді. Біріге отырып, бәрін байланыстырып тұрған – балалары үшін маңызды нәрселерді ақылдасады, шешеді. Иә, онда жауабын табуға тиісті сұрақ, шешімін табуға тиісті мәселе көп. Мәселе көп жерде кез келген адамның мінезі сынға түседі. Ендеше, болжап көрейік, жыл он екі айдың тоғыз айында тоқтаусыз жазбалар келіп түсіп жататын бұл чатта қай ата-ана өзін қалай ұстайды? Сұрақтың жауабы чат админі мен сынып жетекшісіне жәрдем болсын.


Тоқты

Тоқты ата-аналар екі түрге бөлінеді. Бірінші түрі – «әу» деп тіл қатпай, тек үнсіз оқып отыратындар. Олардың әдетте әр әңгімеге араласып, бос сөзге жауап жазып отыруға уақыттары жоқ, сондықтан тек нақты шаруамен ғана шығады ортаға. Мәселен, маңызды сұраққа жауап алу үшін, ағымдағы ауқымды мәселеге қатысты ойын айту үшін.

Екінші түр, керісінше, белсенді. Көшбасшы не ұйымдастырушы болуға тырысады. Үнемі ортаға ой тастап, ұсыныс жасап, ұстаздар мен оқу үдерісіне бағасын беріп дегендей, әйтеуір айтатын, жазатын нәрсе табады.


Торпақ

Торпақ белгісіндегі ата-аналар чатта өзін байыпты, зиялы ұстайды. Басы артық сұрақ қоймайды, орынсыз, топқа қатысы жоқ ақпарат жібермейді. Басқа балалар мен ата-аналарға соқтықпайды, мұғалім мен мектепті сынамайды. Тек ортаға тасталған сұраққа нақты ойын білдіреді және нақты мәселемен сауал жолдайды. Көбіне, балалардың қосымша сабақтары, үйірмелері, дұрыс тамақтануы мен физикалық жайлылығы толғандырады.


Егіздер

Бұл белгідегі ата-ана кез келген диалогқа килігіп отырады. Бәріне қатысты өз ойы, қосары бар және оны білдірмеуі мүмкін емес. Осы әдетінің салдарынан бір мезгілде бірнеше ата-анамен не жетекшімен пікір алмасып, тіпті, сөзге келіп қалуы бек мүмкін. Осылайша үнемі чатты бос сөзге, түсініксіз жазбаларға толтырып, бейберекетсіздік туғызады.

Балаларды экскурсияға шығару, қоғамдық жұмысқа араластыру сынды сабақтан тыс нәрселерді көп ұйымдастырады. Алайда, іс жүзіне келгенде үдесінен шығаруы екіталай. Бәрі виртуалды сөз жүзінде қалып қойып жатады көбіне. Өйткені, шынайы өмірде одан да басқа шаруалары шаш-етектен.


Шаян

Олар чатта отырғанымен, жазылған хабарламаларды оқымайды, өзі де ештеңе жазбайды деуге болады. Қай сұрақты болмасын бетпе-бет жүздесіп не қоңырау шалу арқылы ауызба-ауыз сөйлесіп шешкенді құп көреді. Сондықтан олар ата-аналардың біразын таниды, сынып жетекшісімен де тығыз байланыста. Ал егер ғайыптан тайып чаттағы пікірталасқа үн қоса қалса, мәселенің егжей-тегжейін зерттеп, түп-тұқиянына дейін білмей қоймайды. Әңгіме ақша жинауға қатысты болса, тіптен қиын. Сан сауал қойып, қажеттілігі мен маңыздылығына салмақты себеп көрмесе, соқыр тиын бермейді.


Арыстан

Олар өмірдегі сияқты, чатта да үстемдік орнатқысы келеді. Бұйыра сөйлеп, бәріне ақыл айтып, барлық жағдайға кеңесі дайын, өзін керемет қылып көрсетіп, мақтау сөзге сұранып тұратын ата-ана болса, ол – Арыстан деп біліңіз. Кеңестерін таразылап көруден тартынбаңыз, арасынан іске жарамды, ойға қонымды, іліп алуға тұрарлық ақыл табылады. Сондай-ақ, Арыстан ата-ана орынсыз сөзге ілігіп, орынсыз іске ұрынып отырғандарды тез-ақ сабасына түсіре алады. Тағы бір жақсы қыры – ұйымдастырушылық қабілеті.


Бикеш

Бикеш ата-аналар балаға қатыстының бәрін маңызды санайды, сондықтан барлық уақытта белсенді. Ватсап чатында да солай. Онда өз тәртібін орнатқысы келеді. Барлық нәрсені, топ мүшелерінің барлық пікірін «дұрыс/дұрыс емес» қағидасы бойынша қарастырып, қорытындысын көп күттірмей жариялап отырады. Балаларды театрға, мұражайға апару сынды мәдени шараларды қашан да құптап, қолдауын аямайды.


Таразы

Таразы ата-аналар ешқашан ешкімнің арасындағы дауға араласпайды. Қандай мәселе талқыланып жатса да, өзгелердің әрекетін үнсіз бақылап, мәселенің шешімін тапқанын күтіп отырады. Соңғы жағында қай пікірді қолдаушылар басым, сол жаққа қарай ауып, көпшіліктің ойына қосылудан әріге бармайды. Ал, мектеп, мұғалім, сынып жетекшісіне қатысты сын-ескертпелерге тіптен үн қоспайды.

Олар ұсынысты да өте сирек тастайды. Бірақ, бір айтса, орынды, дұрысын ғана айтады. Көбіне, балалар арасындағы конфликті оңтайлы шешіп, татуластыру, экскурсияға шығуды ұйымдастыру, қажет қаражатты жинау сынды шаруаларды ың-шыңсыз тындырады.


Сарышаян

Сарышаяндар чатта өздерін ә дегеннен бірбеткей, тікмінезді адам ретінде көрсетеді. Олармен ымыраға келу қиын. Қашанда өз дегені болғанын, шешімді өзі қабылдап, басқалардың соған мойынсұнғанын қалайды. Тағы бір жағымсыз қылықтары бар. Өз баласымен тіл табыспай қалған басқа оқушыны, оның ата-анасын, кейде тіпті мұғалімнің өзін сөгіп, жеке басына тіл тигізу олар үшін түк те емес.


Мерген

Мерген ата-аналар топтың ой-пікірлер алаңына жиі бас сұға бермейді. Кіре қалған күннің өзінде өз ойын ортаға салуға асықпайды. Әдетте, атаулы күн, мереке қарсаңында, сынақ-емтихан алдында, медициналық не басқадай тексеріс сияқты маңызды шаруалар тұсында ғана бой көрсетеді. Бір пікір білдіру үшін бірнеше қайтара ойланады. Өзгелердің де осындай қарым-қатынас жасағанын қалайды. Түнің бір уағында хабарлама жіберушілер мен не болса соны тілге тиек етіп мазаны алатындарды жаратпайды.


Тауешкі

Бұл белгі аясында туған ата-ана ұсыныс жасаудың, ұйымастырудың шебері. Әдетте сынып бөлмесіне жөндеу жүргізу, безендіру, мұғалімдерге сыйлық алу, мереке мен іс-шараларға ақша жинау секілді мәселелерді бірінші болып қолға алады. Өзге ата-аналардың да тиісті үлес қосуын талап етеді әрі қадағалайды.


Суқұйғыш

Суқұйғыштар чатта белсенді және басқа ата-аналармен жақсы араласып-құраласып кетуге құлықты. Олар үшін мұнда тек сабақ, оқушылар жайлы сөз ету керек деген ереже жоқ. Осында кез келген тақырыпта ой бөлісіп, ары қарай тіпті достық қарым-қатынас орнатуға да қарсы емес.

Қашан да балаларды біріккен экскурсияға, ойын-сауық орталығына, танымдық саяхаттарға апаруды, ұжымдық жұмыстармен айналыстыруды ұсынып жүреді. Сыныптастар арасындағы ауызбіршілікті нығайтып, достық орнатуға баса мән береді.


Балықтар

Балықтар белгісінен болған ата-аналарды екі типке бөлуге болады. Алғашқылары ешкіммнен сөз таластырып та, жарастырып та әуре болмайды. Келген хабарламаны үнсіз оқып, дыбыстық жазбаны үнсіз тыңдап, дәл сол үндемеген қалпы көпшіліктің кез келген шешіміне келісе салады.

Екінші бір Балықтар бүкіл сөздің астарынан ілік іздеп, кез келген шешімге күмән келтірумен болады. Сәйкесінше, ортаға тасталған кез келген ұсыныс үшін дәйек пен дәлел, қабылданған шешім үшін кепілдік талап етеді.

Сіз қай белгіге жатасыз және чатта қандай ата-анасыз? Жорамал сәйкес келді ме?

Аударған: А.Бектұрған,

ERNUR.KZ