Көкшетау қаласының нысандарын жылумен жабдықтау №1 аудандық қазандық (мазут) және №2 аудандық қазандықтары (көмір) арқылы жүзеге асырылады.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инженерлік желілер мен жылу көздерінің тозуын азайту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы жылу көзінде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет резервінен шамамен 1,1 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Құжатқа сәйкес, 2025-2026 жылдарға арналған жылу беру маусымына дайындық және кезеңнің іркіліссіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында Көкшетау қаласының жылу көзінде (АҚ-2) жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Ақмола облысының бюджетіне қаражат аударылады.
Бөлінген қаражат «Көкшетау жылу» кәсіпорнының технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін және бақылау-өлшеу аспаптарының далалық деңгейін және ссу жылытатын тозаң көмір қазандығының автоматикасын, сондай-ақ қазандық агрегатының қыздыру беттерін реконструкциялау, қазандық агрегатының ауа жылытқыштарының текшелерін жөндеу, технологиялық ресурсы таусылған жабдықтардың бірліктерін жөндеу және ауыстыру жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Еске сала кетейік, Көкшетау қаласының нысандарын жылумен жабдықтау №1 аудандық қазандық (мазут) және №2 аудандық қазандықтары (көмір) арқылы жүзеге асырылады. Алайда жылумен қамтамасыз етудің негізгі көзі тозаң көмірмен жұмыс істейтін №2 аудандық қазандығы болып қала береді. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 188,7 шақырым ( 51 км – магистралды, 137,7 км – орамішілік). Желілердің негізгі бөлігі 1977 жылдан бері жұмыс істеп тұр.
2024 жылы Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен ұзындығы 6 шақырым магистралды желі жөнделді, сондай-ақ № 2 және № 3 қазандық агрегаттарына жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде, ағымдағы жылыту кезеңінде тозу көрсеткіші 45%-дан 43%-ға дейін төмендеді, жылу желілеріндегі технологиялық бұзылулар саны 62-ден 47-ге дейін азайды.