​ШЫМКЕНТ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА 3-ОРЫНҒА КӨТЕРІЛДІ

0
176

Биыл жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жалақысы төмен 15 мыңға жуық қызметкерге қосымша 50 мың теңге үстемеақы тағайындалып, ең төменгі жалақы 140 мың теңгеге көтерілді.


​ШЫМКЕНТ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА 3-ОРЫНҒА КӨТЕРІЛДІ

Биылғы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде тұрақты өсім бар.

Қаланың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 11,6 пайызды құрап, республика бойынша алғашқы 3-орынға көтерілген (2023 жылдың тиісті кезеңінде – 6 орынды құраған).

Қаладағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына байланысты, жергілікті бюджеттің түсімдері артқан. Биыл бюджет шығыстарының көлемі 764,0 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 107,0 млрд теңгеге көбейді. Ал, бюджет түсімдерінің көлемі 61 млрд теңгеге ұлғайып, 404 млрд теңгеге жетті. Бүгінгі таңда оның 272 млрд теңгесі түсіп, жоспар 19,8% - ға артығымен орындалды. Бюджет көлемі артуына байланысты халықтың табысын арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Биыл жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жалақысы төмен 15 мыңға жуық қызметкерге қосымша 50 мың теңге үстемеақы тағайындалып, ең төменгі жалақы 140 мың теңгеге көтерілді. Оған жергілікті бюджеттен 8,1 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар, биылдан бастап кәсіпкерлікті дамытуға, кеңейтуге, қаржы айналымын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беру мақсатында бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді.

Айта кету керек, Шымкент қаласының экономикалық өсімі соңғы жылдары қарқынды дамуда. Өнеркәсіп, құрылыс, шағын және орта бизнес салаларының өркендеуі қала экономикасының басты драйверіне айналды. Инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық даму бағдарламалары жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Сауда-саттық пен өндірістік қуаттардың артуы қала тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуде. Шымкент аймақтық экономикалық орталық ретінде өз мәртебесін нығайтып келеді.

Бөлісу