Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына топырақ шөгуінің себептерін анықтап, салдарын жоюды тапсырды.
Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында Еңбекші ауданындағы «Beta international» ЖШС-нің шай құрамын қалыптастыру және шығару өндірістік желісімен танысты.
Кәсіпорын ай сайын 300 тоннадан астам өнім шығарады және 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта компания өнім түрлерін кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Әрі қарай Әл-Фараби ауданында «Локомотив» спорт кешеніне барды. Мекеме басшылығы нысанды күтіп-ұстау жоспарымен таныстырды, оның ішінде жүгіру жолақтарының жамылғысын ауыстыру мәселесі де айтылды. Айтылған мәселелерге қатысты қала басшысы киім ауыстыру бөлмесін жөндеу және кешен аумағын абаттандыруды күшейту қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар қалалық зообаққа да барды. Жануарларды күтіп-ұстау және денсаулығын сақтау жағдайымен танысып, вольерлерді қарап шықты. Әкім зообақты дамыту бойынша ұсыныстарды тыңдаған Мәдениет басқарма басшысына зообақты дамытудың қысқа мерзімді жоспарын әзірлеуді, сондай-ақ бос аумақтарды көгалдандыруды тапсырды.
-Зообақ қазіргі талаптарға сай болуы және тұрғындар үшін сүйікті отбасылық демалыс орнына айналуы тиіс деп санаймын,-деді әкім өз сөзінде.
Қала әкімі аралау барысының соңында «Қайтпас-2» шағынауданындағы Жусан көшесінің жағдайымен де танысты. Танысу нәтижесінде, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына топырақ шөгуінің себептерін анықтап, салдарын жоюды тапсырды.