Мемлекет басшысы Түркістандықтармен кездесті

0
593

Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті.


Мемлекет басшысы Түркістандықтармен кездесті

Мемлекет басшысы Түркістанға жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Президент кездесу барысында жұмыс сапарының негізгі мақсаты облыстағы ахуалмен танысу екенін айтып, Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті.


«Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті», – деді Президент.


Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.


«Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы кейінгі жылдары болған оң өзгерістерді атап өтті. Президенттің дерегіне сәйкес, Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келген. Кейінгі үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған.


Мемлекет басшысы елімізде «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтып, оның халық саны көп оңтүстіктің тұрғындарын жұмыс күші аз өңірлерге қоныстандыруға арналған жоба екенін түсіндірді.


«Бірқатар азаматымыз солтүстікке көшіп, тіршілігін жасап жүр. Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша жастарға арнап 3700-ге жуық грант бөлінді. Оның 800-ден астамын түркістандықтар иеленді. Ел іргесін бүтіндеп, тұғырын нығайту жолындағы осы маңызды жұмысқа сіздер зор үлес қосып келесіздер. Дегенмен жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз керек. Біз құрып жатқан жаңа қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасына, балаларына қамқор болуы керек. Оларға еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет», – деді Қазақстан Президенті.


Қасым-Жомарт Тоқаев түркістандықтармен кездесуде халықаралық ахуалға қатысты еліміздің ұстанымы туралы айтты.


«Біз мемлекеттігімізді сақтап, өсіп-өркендеуіміз үшін ел бірлігі ауадай қажет. Ал бірлік – бейбітшіліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі. Осы орайда, қазіргі халықаралық ахуал жөнінде айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кетті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтап отыр. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы – біз үшін бәрінен маңызды. Сондықтан парасаттылық пен сабырлық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек. Халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасаттылық және төзімділік. Осы құндылықтардан айырылып қалсақ, елімізге үлкен қауіп төнеді. Мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек. Бұл – негізгі қағидат. Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім. Бұның бәрі бекер емес. Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Шекарамыз бүтін болса, сырттан шабуыл жасалмаса, төрт құбыламыз түгел болады. Бұл – мемлекетіміз үшін, мен үшін аса маңызды міндет әрі басты мақсат», – деді Мемлекет басшысы.


Президент көрші елден келіп жатқандар туралы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселеге де арнайы тоқталды.


«Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым. Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі. Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек. Мұны мен киелі Түркістан төрінен арнайы айтып тұрмын. Өйткені бұрын-соңды дәл осы жерде айтылған аталы сөздің бәрі алты Алашқа түгел тараған. Ғасырлар бойы жалғасып, қанымызға сіңген бұл дәстүр қазір де сақталып отыр», – деді Президент.


Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған мәселелерге тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, біз саяси жаңғырумен қатар бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараларды қолға аламыз. Оның игілігін бүкіл жұртымыз көреді.


«Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін. Бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, Мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек. Жалпы, жұрт біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр. Жұмысты одан әрі жалғастыру үшін жаңа Конституцияға сай сенім мандаты қажет. Сондықтан кезектен тыс Президент сайлауы биылғы 20 қарашаға белгіленді. Біз бұл науқанды заңға сәйкес, әділ және ашық өткіземіз. Түркістандықтар да сайлауға белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент жиын соңында бірқатар еңбек ардагерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, «Водные ресурсы-Маркетинг» ЖШС директоры Анарбек Орман І дәрежелі «Барыс» орденімен, еңбек ардагері Жарылқасын Әзіретбергенұлы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен және еңбек ардагері Қойшыбай Әріпбай мен Мәдениет және спорт министрлігі «Қазқайтажаңарту» РМК Түркістан филиалының сәулетшісі Нұрғали Имажанов «Парасат» орденімен наградталды. Сондай-ақ «Южный Казахстан» облыстық газетінің бас редакторы Марина Лимаренкоға «Ерен еңбегі үшін» медалі, орта мектеп мұғалімі Пернебай Арыновқа «Шапағат» медалі табыс етілді.