ТҮРКІСТАН: 11 тоннадан астам мұнай өнімдері тәркіленді

0
108

15 жеңіл көлік және 2 автобус айып тұрағына қойылып, құжаттары сотқа өткізілген


ТҮРКІСТАН: 11 тоннадан астам мұнай өнімдері тәркіленді

Түркістан облысында жанар-жағармайды заңсыз тасымалдау дерегімен 140 жағдай тіркеліп, 11 тоннадан астам мұнай өнімдері тәркіленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен Түркістан облысындағы мұнай өнімдері нарығындағы жағдай бойынша өңірлік штаб отырысы өтті.


Өңірімізде жанар-жағармайдың заңсыз тасымалын шектеу, жанар-жағармай бекеттерінде мұнай өнімдерінің жасанды тапшылығына жол бермеу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылған жұмысшы топ тұрақты түрде рейдтік шаралар өткізіп келеді.


Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Әбдразақованың мәлімдеуінше, шекаралық аймақтарда аудандық прокуратура және кеден бекетінің қызметкерлерімен бірлесе өткізген рейд барысында Сарыағаш қаласында «Қапланбек» кеден бекетіне жақын орналасқан бірқатар жанар-жағармай бекетінде техникалық қауіпсіздік шараларының сақтамалмағаны анықталып, жауапты басшыларының түсініктемелері алынды.


Сондай-ақ, 10 литрлік құтылармен АИ-92 маркалы бензинін шекарадан өткізбекші болған жағдайға қатысты тиісті шаралар қабылданды.


Қаңтар-ақпан айларында жүргізілген рейд нәтижесімен 15 жеңіл көлік және 2 автобус айып тұрағына қойылып, құжаттары сотқа өткізілген болатын. Қазіргі таңда, сот үш көлікке шешім шығарып, заң аясында жауапкершілік белгіледі.


Облыс әкімінің орынбасары аудан әкімдерінің орынбасарларына заң аясында әрекет етіп, жанар-жағармай бекеттеріне бақылауды күшейтуді тапсырды.


«Жіп - жіңішке жерінен үзіледі». Шекаралы аймақтардың «жіңішкеруіне» жол бермеу - бәріміздің азаматтығымызға сын. Қазақта сөз бар, «Саудагер құнықса сақалын күзеп сатады» деген. Біз ең алдымен ішкі нарықтағы қажеттілікті қамтамасыз етуді ойланғанымыз абзал. Пайда ойламай, арды ойлайық, азаматтар», - деді Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.


Жыл басынан бері атқарылған жұмыстың нәтижесінде жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаған 140 дерек тіркеліп, 5,9 тн. бензин, 5,6 тн. дизель отыны тәркіленді.


Штаб отырысының нәтижесімен жаңа тапсырмалар нақтыланып, мерзімі бекітілді.

Бөлісу