Қала әкімі аудан және тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін қайтару жұмыстары мен жол құрылысы нысандарына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Айта кетейік, қабылданған қаулыға сәйкес, биыл шілдеге дейін жалпы 198 жер учаскесінің алаңы 137 га мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар заң шеңберінде тиісті талаптарға сәйкес жалғасуда.
Сонымен қатар мәжілісте құрылыс заттары сатылатын орындарды қала сыртына көшіру, базарларды жаңғырту, қала тазалығы, жәндіктерге қарсы залалсыздандыру, көшелерді жарықтандыру жұмыстары да пысықталды. Қала әкімі сала басшыларына құрылыс алаңдарындағы жұмыстарды қадағалап, құрылыс мәдениетінің сақталуын назарға алуды тапсырды.
Қала әкімі аудан және тиісті сала басшыларына тазалық шараларын жүйелі атқаруда, залалсыздандыру жұмыстарын күшейтуде бірқатар тапсырмалар берді. Көп қабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстау жұмыстарын бақылап, халықпен кері байланысты жақсартуда да жауаптыларға міндеттер жүктелді.