ШЫМКЕНТ: штаб мүшелері оқу орнында түсіндіру жұмыстарын жүргізді

0
281

Кездесуде сөз сөйлеген қалалық мәслихаттың депутаты Қайрат Имашев еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталды.


ШЫМКЕНТ: штаб мүшелері оқу орнында түсіндіру жұмыстарын жүргізді

Республикалық халықтық штаб мүшелері Шымкент қаласындағы жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде болып, ұстаздар мен студенттер қауымымен кездесті.

Жиында энергетика саласындағы шешімдер мен алдағы жоспарлар назарға алынып, атом электр станциясының құрылысы мен маңызы баса айтылды.

Кездесуде сөз сөйлеген қалалық мәслихаттың депутаты Қайрат Имашев еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталды. Ол халық санының жыл сайын артып келе жатқанын ескере отырып, энергетикалық ресурстарға деген сұраныстың да өсіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, халық қалаулысы қазіргі таңда энергия тұтыну деңгейі жоғары қарқынмен ұлғайып келе жатқанын еске салып, егер бұл үрдіс жалғаса беретін болса, алдағы онжылдықтарда энергетикалық тапшылыққа тап болуымыз мүмкін екенін ескертті. Ол бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде атом электр станциясын салу қажеттілігін ұсынды. Оның айтуынша, атом станциясы елімізге энергиямен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға ықпал етеді.
Ал, Чернобыль ардагерлер одағының төрағасы Сайфулин Нахбаев атом электр станциясының маңыздылығын кеңінен талдай отырып, оның әкелетін экономикалық және экологиялық артықшылықтарын да атап өтті. Ол атом энергиясының тиімділігі мен ұзақ мерзімділігін атап, оның қоршаған ортаға әсері басқа дәстүрлі энергия көздеріне қарағанда әлдеқайда төмен екенін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл энергетикалық шешім елдің дамуында үлкен рөл атқарады және болашақта энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін маңызды қадам болып табылады.
Жиын барысында студенттер мен ұстаздар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Жастар атом электр станциясының қай жерде салынатынына және оның қоршаған ортаға қандай әсері болатынына алаңдаушылық білдірді. Олар сондай-ақ, бұл жобаның қауіпсіздігі мен экологиялық салдарына қатысты мәселелерді де көтерді. Қайрат Имашев бұл сұрақтарға жауап бере отырып, атом электр станциясының қауіпсіздік стандарттары қатаң бақылауда болатынын және қазіргі заманғы технологиялар қауіп-қатерді барынша азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
Бөлісу