Белсенділер атом электр станциясының елімізге қаншалықты пайда әкелетінін тереңірек түсінді.
Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығында Республикалық халықтық штабтың мүшелері белсенді жастармен кездесті.
Басқосуда атом электр станциясы мәселесі кеңінен талқыланып, еліміздің энергетикалық болашағы туралы маңызды пікірлер ортаға салынды.
Кездесуді жұмысшы топтың жетекшісі, мәслихат депутаты Қайрат Имашев ашып, дамыған елдердің барлығы электр энергиясын өндіруде атом электр станцияларының рөлін баса айтты. Ол қазіргі замандағы озық технологияларды қолдану арқылы энергетикалық саланы дамыту әлемдік тәжірибеде кеңінен таралғанын жеткізді.
«Егер біз де дамыған елдер қатарына қосылғымыз келсе, атом электр станциясы сияқты жобаларды қолға алуымыз керек», – деді Қайрат Имашев. Оның айтуынша, атом электр станциясы экологиялық жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді әрі ұзақ мерзімді шешім болып табылады.
Кездесуде Республика партиясы жанындағы жастар қанатының төрағасы Заңдар Орынбай да сөз алып, замандастарына атом электр станциясының еліміз үшін пайдасы жайында кең көлемде ақпарат берді. Ол қоғамда атом энергетикасы туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелердің таралып жүргенін атап өтіп, жастарды бұл мәселеде сақ болуға шақырды.
«Қазіргі заманауи технологиялар өте қауіпсіз. Атом электр станциялары қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейді, бұл технологиялар мұқият бақыланып отырады», – деді Заңдар Орынбай. Ол сондай-ақ Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуде атом энергетикасының маңызды рөл атқаратынын да ерекше атап өтті.
Кездесуге қатысқан жастар атом электр станциясының болашағына қатысты өз ойларын білдіріп, көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойды. Олар Астана қаласындағы LRT жобасының тоқтап қалғаны сияқты, атом электр станциясының да жарты жолда қалып қою мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірді.
«Бізге бұл жобаның нақты жүзеге асатынына кепілдік бар ма? Жобаның экономикалық тұрғыдан тиімділігі қалай есептеледі?» деген сұрақтар жастар тарапынан жиі қойылды. Белсенділер атом электр станциясының елімізге қаншалықты пайда әкелетінін тереңірек түсінді.