ТҮРКІСТАН: Әскери батальонның 5 жылдығы аталып өтті

0
286

Бұл марапаттар саперлер атқарған жұмыстың маңыздылығы мен күрделілігіне берілген баға десек қателеспейміз.


ТҮРКІСТАН: Әскери батальонның 5 жылдығы аталып өтті

Биыл Арыс қаласындағы орналасқан 44859 әскери бөліміне қарасты инженерлік-саперлік батальонның құрылғанына бес жыл толды. Осыған орай қалалық мәдениет үйінде мерекелік іс-шара өткізілді. Сондай-ақ аталған жиында 2024 жылы оқ-дәрілерді залалсыздандыру бойынша атқарылған жұмыстар қорытындыланды.


Мерекелік іс-шарада ҚР Қарулы күштері инженерлік әскерлер департаментінің бастығы полковник Руслан Жансейітов біқатар әскери қызметшінің ерен еңбегін атап өтіп, арнайы әзірленген марапаттарды табыстады.


«Бүгін біз оқ-дәрілерді залалсыздандырудағы жетістіктерді бағалап қана қоймай, саперлердің ерлігі мен адалдығына құрмет көрсетеміз» - деді ол өз сөзінде.


Атап айтқанда, бірнеше әскери қызметші Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант С.Камалетдиновтың алғыс хатына және «Минасыздандырудағы ерлігі үшін» төсбелгісіне ие болды. Бұл марапаттар саперлер атқарған жұмыстың маңыздылығы мен күрделілігіне берілген баға десек қателеспейміз.


Іс-шарада қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов та өз құттықтауын жеткізді. Ол инженерлік-саперлік батальонның бес жылдық мерейтойы айтулы күн ғана емес, осы жылдар ішінде қол жеткізілген жетістік әрі мақтаныш екендігін атап өтіп, бірқатар әскери қызметшіге қала әкімінің атынан алғыс хат табыстады.


«Бүгінгі іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақты саперлердің ерлігімен таныстыру және ел қорғаушыларының қызметін мақтан тұтуға шақыру» - деді Алмаз Сұлтанов.


Іс-шараның ресми бөлімінен кейін көрермен назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Қалалық мәдениет үйінің әртістері мен әскери бөлімнің дарынды қызметшілері өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бөлісу