ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі танымал ақынды қабылдады

0
209

Кездесу барысында руханият, әдебиет, Түркістанның дамуы жөнінде пікірлер мен ұсыныстар айтылды.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі танымал ақынды қабылдады

Дархан Сатыбалды ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақытжан Алдиярды қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақытжан Алдиярды қабылдады. Кездесу барысында руханият, әдебиет, Түркістанның дамуы жөнінде пікірлер мен ұсыныстар айтылды.


– Түркістан – Түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы. Өңірді дамытуда шығармашылық өкілдерінің де қосар үлесі мол. Руханият саласына қолдау көрсетіледі. Әдеби байқаулар өткізу де маңызды. Түркістан туралы ел жүрегінде қалатын әндер, өлеңдер, шығармалар жазылуы тиіс, – деген Дархан Сатыбалды ақынды 50 жылдық меретойымен құттықтап, арнайы құрмет көрсетті.


Бақытжан Алдияр Түркістандағы оң өзгерістерге жоғары бағасын беріп, құрмет көрсеткен өңір басшысына алғысын білдірді. Оңтүстік өңірінде қаламы қарымды, шығармалары жалынды қаламгерлер шоғыры бар екеніне тоқталып, «ақын-жазушылардың кітаптарын шығару бағытындағы жұмыстар жалғасса», деген пікірін айтты.


Ақын, ҚР жазушылар одағының Түркістан облысындағы уәкілі Айдар Сейдәзім талантты жастарды қолдау, әдебиет саласын дамыту жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімдігінің қолдауымен 3 қаламгердің кітабы жарық көргенін атап өтті. Ал мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәдениет және руханият бағытында атқарылатын жұмыстар мен бастамалар туралы баяндады. Жаңа жобалар қолға алынатынын жеткізді.


Айта кетейік, 14 қарашада Түркістандағы «Фараб» кітапханасында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Бақытжан Алдиярдың 50 жылдық мерейтойына арналған «Аналардың анасы» атты шығармашылық кеш өтеді. Әдеби кешке ҚР Жазушылар Одағының өкілдері, танымал ақындар мен жазушылар қатысады.

Бөлісу