Сондай-ақ ол осы провинциядағы түрік жастарын биыл жазда Өзбекстанға шақырды.
ERNUR.KZ. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде жасаған баяндамасында Өзбекстанның Хатайда заманауи үйлер, мектептер мен инфрақұрылым нысандарын салуды жоспарлап отырғанын айтты, деп жазады qaz365.kz.
Сонымен қатар ол осы провинциядағы түрік жастарын биыл жазда Өзбекстанға шақырды.
"Сіздерге көмектесуге әзірміз, зілзала салдарынан қираған жерлерді қалпына келтіруге әрі жаңа қалалар мен ауылдарды, әлеуметтік және өндірістік нысандарды салуға дайынбыз. Атап айтқанда, біздің құтқарушылар жұмыс істеген зілзала ошағының бірі Хатай провинциясының Овакент ауданындағы құрылыс жұмыстарына үлес қоссақ дейміз", – деді ол.
Өзбек елінің басшысының пікірінше, бұл нысандар болашақта екі елдің берік достығы мен серіктестігінің белгісіне айналады.
"Бұған қоса, жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтағы қарттардың денсаулығын нығайтып, біздің елде демалуы үшін қажетті жағдай жасаймыз. Әрі оларға арнап аты аңызға айналған Имам Бухари, Имам Термези, Имам Матуриди, Бахауддин Накшбанд сынды ата-бабамызбен байланысты киелі ғибадат орындарына сапар ұйымдастырамыз. Біздің ұйымның Ақсақалдар кеңесі осындай топтарды құруды мойнына алса жақсы болар еді. Хатай провинциясының жастарын осы жазда Өзбекстанға шақырамыз, олар үшін Самарқанд, Бұхара және Хиуаның ежелгі қалаларына сапар ұйымдастырып, еліміздің жастарымен бірлескен іс-шаралар өткізгіміз келеді", - деп сөзін түйіндеді Мирзиеев.