Түркиядағы зілзала: Қазақстандық құтқарушылардың бірінші легі елге оралды

0
1 281

Оларды қазақстандықтар, туыстары, достары мен әріптестері күтіп алды.


Түркиядағы зілзала: Қазақстандық құтқарушылардың бірінші легі елге оралды

Газиантеп қаласындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың бірінші эшелоны елге аман-есен оралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР ТЖМ құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар борт Алматы әуежайына қонды. Оларды қазақстандықтар, туыстары, достары мен әріптестері күтіп алды.

"Түркия Республикасының АFAD жер сілкінісі салдарын жою дағдарыс орталығымен келісіліп, Қазақстан Республикасы ТЖМ күштерімен іздестіру-құтқару жұмыстары барлық нысанда аяқталды, күштер топтамасы тұрақты орналасқан пункттерге қайтарылады", - делінген хабарламада.

Еске салайық, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 7 ақпанда құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдары, оның ішінде Қазақстан ТЖМ техникасы, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және кинологиялық есептоптар алғашқылардың бірі болып екі эшелонмен жолға шығып, ең күрделі қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге кіріскен болатын. Қазақстандық құтқарушылар тобын ТЖ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев басқарды.

Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарына Астана және Алматы қалаларынан, Ақмола және Қарағанды облыстарынан құтқарушылар қатысты. Түркия тұрғындарының тарапынан Қазақстандық құтқарушыларға кәсіби, уақтылы және нәтижелі іздестіру-құтқару жұмыстары үшін шын жүректен алғыс сөздері айтылды.

Сондай-ақ, Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күштері 7 адамды құтқарды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында сөйлеген сөзінде құтқарушылардың Түркиядан оралған соң міндетті түрде марапатталатынын айтқан болатын.