Түркияның Кахраманмараш провинциясында жер сілкінді

0
1 229

Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасының ақпаратынша, жерасты дүмпуі жергілікті уақытпен 08:45-те тіркелген.


Түркияның Кахраманмараш провинциясында жер сілкінді

ERNUR.KZ. Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында 4,3 магнитудасымен зілзала тіркелді, деп жазады ҚазАқпарат.

Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасының ақпаратынша, жерасты дүмпуі жергілікті уақытпен 08:45-те тіркелген.

Эпицентрі Оникишубат ауданында орналасқан. Ошағы 6,94 шақырым тереңде жатыр. Зардап шеккендер мен қираған ғимараттар туралы ақпарат түскен жоқ.

Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның Кахраманмараш провинциясында қуаты 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Тербеліс елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда сезілді.

Ақпан айында болған табиғи апаттан Түркияға келген шығын 105 млрд доллардан асты.

Соңғы ресми деректерге сәйкес, табиғи апат 50 096 адамның өмірін қиды. 107 204 адам зардап шекті.

Сейсмикалық белсенділік Орта Азияда байқалып жатыр.

21 наурызда Кахраманмарашта 4,1 магнитудасымен жер сілкінді.

Сондай-ақ бүгін түнде Тараз, Шымкент және Түркістан тұрғындары 2-3 балл қуатымен жерасты дүмпуін сезінді. Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 740 км қашықтықта Тәжікстан аумағында орналасты. Сондай-ақ тербеліс Өзбекстанның бірқатар қаласына жетті.

Таңғы сағат 06.27-де Қазақстан сейсмологтары Тәжікстандағы жер сілкінісін тіркеді.

Сағат 07.53-те Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында жерасты қозғалысы тағы сезілді.

Қазақстандық сейсмологтар сағат 08.53-те де тәжік еліндегі зілзаланы тіркеді.

Еске салайық, Қазақстанның 5 өңір тұрғындары жерасты дүмпуін 21 наурыз күні де сезінген болатын. Зілзала ошағы Ауғанстанда орналасты. Ауған еліндегі тербеліс Пәкістанға да жетті. Салдарынан кем дегенде 11 адам қаза болғаны туралы бұған дейін жазған едік.