1983 жылы туған капитан Ерлан Рысқұлбекұлы Қырғызәлиев қайтыс болды.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында болған жарылыстан жарақат алған капитан ауруханада қайтыс болды, деп жазады ҚазАқпарат.
Қорғаныс министрлігі таратқан мәліметке сенсек, 7 қыркүйекте Тараз қалалық ауруханасында 26 тамызда Жамбыл облысындағы оқ-дәрі қоймасында болған өртті сөндіру кезінде алған жарақаты салдарынан 28349 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, 1983 жылы туған капитан Ерлан Рысқұлбекұлы Қырғызәлиев қайтыс болды.
Ол оқ-дәрі сақтау бөлімінің бастығы лауазымын атқарған болатын. Қоймадағы өртті жоюға кіріскен алғашқылардың бірі болды.
Cонымен Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан көз жұмғандар саны 16 болды, тағы бір адам іздестіріліп жатыр.
Қорғаныс министрлігі марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.