Бүгін - Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні

0
1 204

Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Қазақстанда аза тұту күні осымен оныншы рет жарияланып отыр.


Бүгін - Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні

Бүгін елімізде Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан қаза болған азаматтарды еске алуға арналған Жалпыұлттық аза тұту күні, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын.

«Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады», - деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында.

Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

ҚР Төтенше жағайлар министрлігінің мәліметі бойынша, оқиға орнына ең жақын орналасқан 3 елді мекенде 1086 адам тұрады. Жарылыс кезінде олардың 710-ы облыс орталығына эвакуацияланған.

Жалпы оқ-дәрі қоймасындағы өрттің кесірінен база аумағында оннан астам жарылыс болған.

Соңғы дерек бойынша сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті. Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктері әлі бірер адаммен байланыс орната алмай отыр.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Сарыкемерде БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып, әрбір қаза тапқан азаматтың отбасына 20 млн теңгеден астам қаржылай көмек қарастырылғанын айтты. Қажет болса, тұрғын үй мәселесін жергілікті әкімдікпен бірге шешуге болатынын да жеткізді.

Тәртіп бойынша, Жалпыұлттық аза тұту күнінде мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктердің, шекаралық дипломатиялық мекемелердің ғимаратындағы мемлекеттік ту төмен түсіріледі. Ойын-сауықтық шаралар мен осы бағыттағы телебағдарламалар тоқтатылады.

Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Қазақстанда аза тұту күні осымен оныншы рет жарияланып отыр.