Оның айтуынша, оқ-дәрілер базасында қауіпсіздік техникасы толық сақталған.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Байзақ ауданында жарылыс болған әскери базада Арыстан жеткізілген оқ-дәрілер болғанымен, өрттің тұтануына және жарылысқа олардың қатысы жоқ. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс пен Байзақтағы жарылыстарға өз бағасын берді деп жазады Azattyq Ruhy.
Министрдің айтуынша, Арыста жарылған нысан – арсенал, Байзақтағы – оқ-дәрілер базасы. Арсеналдың ауқымы базадан әлдеқайда үлкен. Яғни, онда сақталатын оқ-дәрінің де мөлшері әлдеқайда көп.
«Байзақтағы базада инженерлік оқ-дәрілер сақталған. Олар жарылғанда ұзақ қашықтыққа ұшпайды. Оның саны Арыстағыдан 7-8 есеге аз. Сондықтан Арыстағы жарылысқа қарағанда қаупі төмендеу болды. Арысқа қарағанда тұрғын үйлер алыс, базаға жақын емес. Қарапайым тұрғындар қайтыс болған жоқ. Қаза тапқанның бәрі әскерилер мен өрт сөндірушілер. Олар батылдық танытты, борышын өтеу кезінде қаза тапты», - деді министр журналистермен болған кездесуде.
Оның айтуынша, Байзаққа Арыстан жеткізілген оқ-дәрілердің кешегі жарылысқа қатысы жоқ.»
«Базадағы қарудың үштен бірі ғана Арыстан жеткізілген. Олар жарылысқа себеп болмады. Өрт тротил сақтаған қоймадан шықты және сол жерде жарылыс болды. Тротил Арыстан әкелінген жоқ», - деді Нұрлан Ермекбаев.
Айта кетейік, 28 тамыздағы жағдай бойынша, Байзақ ауданындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 13 адамға жетті. Тағы үш адам із-түссіз жоғалғандар қатарында.