2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында өрт басталып, артынша жойқын жарылыстар болған. Қайғылы оқиға салдарынан 17 адам қаза тауып, 1 сарбаз ұшты-күйлі жоғалып кеткен еді.
ERNUR.KZ. Өртті сөндіруге барып, қаза тапқан 10 құтқарушының құрметіне Таразда еңселі ескерткіш бой көтерді, деп жазады exk.kz.
Ескерткіш Тараздағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында орналасқан. Онда Байзақ оқиғасында опат болған 10 құтқарушымен қатар түрлі жылдары қызмет барысында қаза тапқан тағы 4 маманның бейнелері қойылған. Ашылу салтанатына төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, азаматтық қорғаныс саласының ардагерлері мен марқұм болған мамандардың туған-туыстары қатысты.
Бұл апат біз үшін үлкен қайғы, орны толмас өкініш. Қаза болған құтқарушылар Отан алдындағы антына соңына дейін берік болды. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бұл ескерткіш кейінгі ұрпаққа елге қызмет етудің үлгісі болатынына сенеміз, дейді шараға қатысушылар.